2026 жылғы 13 маусымда «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ «Centrum Air» әуе компаниясының Ташкент – Қостанай – Ташкент бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейсін қарсы алды.
Жаңа халықаралық бағыттың ашылуы өңір үшін маңызды оқиға болып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынастарын дамытуға жаңа серпін береді.
«Ташкент бағыты бойынша рейстердің ашылуы біздің әуежай мен өңір үшін маңызды оқиға. Жаңа бағыт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік, туристік және мәдени байланыстарды дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашып, Қостанай облысының көлік қолжетімділігін арттыруға және әуежайдың халықаралық маршруттық желісін кеңейтуге ықпал етеді», – деп атап өтті «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Бекбосынов.










